Қазақстанда электр энергетикасы дамуының басым бағыттарының бірі - жаңартылатын энергия көздері - ЭМРМ өкілі
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алматы облысының Шелек дәлізінде салынатын жел энергиясы стансысының алдын ала құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталды.
Бұл туралы бүгін Украина өкілдерінің қатысуымен жел энергетикасы саласындағы жобалардың даму перспективасына арналған семинарда Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің өкілі Серікбол Әжікенов айтты.
Жаңартылатын энергиия көздерін пайдалану мақсатында өткен жылы шілдеде «Жаңартылатын энергия көдерін пайдалануды қолдау туралы» ҚР Заңының, сондай-ақ бірқатар актілердің қабылданғанын атап өткен ол «Қазақстанда экологиялық проблемаларды шешу және электр энергетикасы дамуының басым бағыттарының бірі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану болып табылады», деді.
Оның айтуынша, елімізде желдің әлеуетін пайдалану әсіресе оңтүстік облыстарда өте зор. Осыған орай, бірқатар шетелдік және отандық компаниялар жел энергетикасын дамыту бойынша жобаларға қатысуға ниетті екендіктерін білдірген.
Айта кетейік, Шелек дәлізі Алматыдан 150 шақырым жерде, Іле Алатауы мен Жетісудың таулы сілемдерінің арасында орналасқан. Жел әлеуеті өте жоғары, жылдамдығы - 50 метрлік биіктікте 7,8 м/с, жел ағынының тығыздығы 510 Вт шаршыметрді құрайды. Бұл сағатына 3200 кВт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Жалпы, әлемде жел энергиясы стансысы өндірілетін электр энергиясының 1,5 пайызын құрайды. Оның өсу қарқынының орташа көрсеткіші 29 пайыздан астам және де ол жыл сайын ұлғайып келеді.