Қазақстанда электр энергиясына тапшылық артуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейінгі жылдары елімізде электр энергиясына сұраныс 10 пайызға жуық өсті. Бұл туралы елордадағы энергетикалық қауіпсіздік тақырыбындағы конференцияда «Самұрық-Энерго» АҚ генерация департаментінің директоры Ғалымбек Ауталипов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда электр энергиясына тапшылық артуы мүмкін

«Кейінгі бес жылда елімізде электр энергиясына деген сұраныс 9,4 пайызға өсті. Сонымен қатар, қолданыстағы энергия өндіруші қуаттар өсіп келе жатқан сұранысты жаба алмайды. Министрлік бекіткен болжамды балансқа сәйкес, 2023 жылға қарай қуат тапшылығы шамамен 1,4 гигаватт, ал 2029 жылға қарай шамамен 3 гигаватт болуы мүмкін. Осыған байланысты ҚР Үкіметі мен «Сұрық-Қазына» қоры жаңа энергия қуатын енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, «Самұрық-Энерго» Екібастұз ГРЭС-2 блоктарының құрылысын іске асыруды және жалғастыруды жоспарлап отыр» - деді Ғ. Ауталипов.

Сонымен қатар ол Алматыдағы жылу электр орталықтарын күшейту қарастырылғанын айтты.

«Жалпы, осы бағыттағы қадамдар 2029 жылға қарай 4 гигаватт деңгейіндегі энергияны іске қосуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, біз жаңартылатын энергия көздерін енгізіп жатырмыз. Бұрынғы энергия ресурстары қатарындағы көмір және газ станциялары бар. Халықаралық деңгейде көмірқышқыл газын азайту мақсаты қойылғанын ескере отырып, 2022 жылы «Самұрық-Энерго» тиісті бағдарламаны бекітті», - деді компания өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, британдық NNWI орталығының президентіТим Йео Орталық Азияның энергетика саясатында елеулі өзгеріс болуы мүмкін екенін айтты. https://kaz.inform.kz/news/ortalyk-aziyanyn-energetika-sayasatynda-eleuli-ozgerister-boluy-mumkin-sarapshy_a4068035