Қазақстанда электр көліктеріне сұраныс тым аз - «Қазавтоөндіріс» басшысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында бар-жоғы 19 электр көлігі саудаланған.

«Қазавтоөндіріс» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының» басқарма төрағасы Олег Алфёровтің айтуынша, бұл үрдіске электр көліктерінің қымбат бағасы себеп болып тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, көліктердің альтернативті түрлерін құрастырып жатқан кейбір мемлекеттер электр көліктерін құрастыруға баса маңыз беріп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстандағы жауапты министрлік электр көліктерінің қуатын толтыратын бекеттердің салынуын қолға ала бастады. Бірақ, қазіргі таңда қазақстандықтардың электр көліктеріне сұраныстары тым аз. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бар-жоғы 19 электр көлігі сатылды. Сатылып алынған электр көліктерінің басым бөлігі - «Тесла» автокөліктері. Электр көліктерінің жаппай сұранысқа ие болуының бірден-бір кедергісі - көліктердің қымбаттығы», - дейді Олег Алфёров.

Басқарма төрағасының айтуынша, электр көлігін құрастыруды қолға алған Солтүстік Еуропа мемлекеттерінің, АҚШ, Қытай елдерінің тәжірибесі мемлекет тарапынан субсидия керектігін көрсеткен. Дания немесе Гонконг нарығындағы жақында қалыптасқан ахуал бұл саланың дамуы қаншалықты мемлекеттік субсидияға тәуелді болатынын анықтап берген көрінеді.

«Соған қарамастан, қазақстандық автокөлік өндірушілер Өскемен және Қостанай қалаларында 2014 жылдан бері электр көлігін шығаруды қолға алған. Әлбетте, электр көлігі дәстүрлі көлік өндіру саласын алмастырудың жалғыз жолы емес, сутегі отыны арқылы жүретін көліктерге әлемдік елдер маңыз беріп келеді. Бірақ, бүгінгі қазақстандық нарыққа тұрмыстық розетка арқылы қосылатын гибридті автокөліктер қызықты. Бұл автокөліктердің бағасы электр көлігінен гөрі әлдеқалай арзанырақ. Бізге қазақстандық автоөндірушілер өз кәсіпорындарында гибридті автокөліктерді өндіруге қызығушылық танытып жатқанын хабарлады», - дейді Олег Алфёров.

Соңғы жаңалықтар