Қазақстанда электронды еңбек биржасы құрылуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Электронды еңбек биржасы қыркүйек айында жұмыс істей бастайды.
Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Онлайн-платформа қыркүйекте іске қосылып, жүйе толығымен жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз», - деді ол Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді, жұмыспен қамту орталықтары мен агенттіктерін бір онлайн-платформаға біріктірмек. Оған түскен әрбір түйіндеме жұмыспен қамту орталығында тіркеледі.
«Біздіңше, еңбек биржасы жұмыс істеуі тиіс. Бізде қазір enbek.kz порталы бар. Ол үлкен танымалдылыққа ие, миллионнан астам интернет пайдаланушы кірген. Жұмысқа қатысты іздеуге де ең көп түсетіні осы портал. Сонымен қатар «Еңбек нарығы» атты жүйе бар. Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді, жұмыспен қамту орталықтары мен агенттіктерін бір онлайн-платформаға қосу үшін оны осы порталмен біріктіреміз», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі кезде елімізде 60-тан астам жұмыспен қамту агенттіктері жұмыс істейді. Тиісті базаны жинақтау үшін олардың мәліметтері де қолданылмақ.
«Онда біздің интерфейс өте қарапайым болады. Жұмыс берушілер бос жұмыс орындары туралы сұраныстары мен жұмыс іздеушілердің түйіндемелері жарияланады. Онлайн-платформада жеке кабинет, жұмыс берушілер мен іздеушілер арасында байланыс орнатуға және сол жерден онлайн-әңгімелесулер жүргізуге мүмкіндік беретін сервистер болады», - деді Нұрымбетов.