Қазақстанда электронды сот төрелігі енгізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда әділ сот төрелігінің электронды жүйесі енгізілуде. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жоғары Сот судьясы Ұлболсын Сүлейменова мәлім етті.

Қазақстанда электронды сот төрелігі енгізілуде

«Ұлт жоспарының 20-қадамын орындау мақсатында Жоғары Сот электронды әділ сот жүйесін дамытуда қыруар шаралар жасалып келеді. Сот өндірісіне жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде сот процессін жеделдетіп, тез арада шешілуіне ықпал етеді, сот барысы туралы азаматтарды хабарландыру оңай жүреді, қағазбастылық азаяды, процессуалдық байланыстарды азайтады. Арыздар және өзге де құжаттар электронды форматта қабылданады», - деді Ұ. Сүлейменова.

Оның сөзіне қарағанда, әрбір қазақстандық электронды кілт арқылы сот кабинетіне кіріп, өз ісін қашықтықта қадағалап отыра алады. «Барлық шешімдер жарияланады, транспаренттік өте жоғары және әрбір азамат өзінің ісі қай кезеңде тұрғандығын көріп, сот тәжірибесімен, хаттамамен және сот шешімімен таныса алады. Сот процессінде дәлелдер бейне-байланыс арқылы да қаралады», - деді Ұлболсын Сүлейменова.