Қазақстанда электронды түрде көрсетілетін қызметтердің саны 38 миллионға жетті - А. Жұмағалиев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда бүгінде электронды түрде көрсетілетін қызметтердің саны 38 миллионға жетті. Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазнетке 20 жыл: Оның қалыптасуы, мәселелері және келешегі» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстанда электронды үкімет бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылды.
«Аталмыш бағдарламаны енгізу арқасында Қазақстан осы саланың дамуы бойынша әлемде 28 орынға көтерілді. Ал кезінде елімізде телекоммуникациялық саланы либерализациялау бойынша талай дау-дамайлар туындағанын білесіздер. Бірақ, қалай болғанда да «Қазақтелеком» өзінің бірегейлігінен айрылды. Содан, бұл салада басқа да мықты, бәсекеге қабілетті компаниялар пайда болды. Сәйкесінше, тарифтер арзандай бастады. Қазақстан бүгінде ұялы байланыстың арзандығы жөнінен әлемде 17 орынға шықты. Ал тіркелген интернет бағасы бойынша 8-ші орындамыз. Яғни, бізде тариф бағасы өте арзан. Біз енді тарифтерді арзандату жұмыстарын одан әрі жалғастыратын боламыз», - деді өз сөзінде А. Жұмағалиев.
Бүгінгі дөңгелек үстел барысында Қазнеттің қалыптасуы мен қазіргі жағдайы және болашағы, интернетті дамытудың басты трендтері, интернетке қосылу, интернет арқылы төлем жүргізу және басқа да көптеген мәселелер талқыланды.
Дөңгелек үстелдің жұмысына ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, басқа да мемлекеттік құрылымдардың, Домендік атауларды басқару жөніндегі халықаралық ұйымның (ICANN), Қазақсанның IT- компаниялар қауымдастығы және телекомуникация саласына қатысты басқа да жеке компаниялардың өкілдері қатысты.