Қазақстанда элеваторлардағы өнім сақтау көлемі 1 млн тоннаға артады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа элеваторлар салу мен жаңғыртуға жеңілдетілген қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.

элеватор
Фото: АШМ

- Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бұршақ және майлы дақылдар өнімінің көлемі айтарлықтай өскені белгілі. Осыған байланысты әр дақылды бөлек сақтау қажеттілігі туындайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сәуір айынан бастап элеваторлар салу мен жаңғыртуға жеңілдетілген қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында негізгі қаржыландыру критерийлері мен астық сақтау нысандарын салу және жаңғырту көрсеткіштерін қамтитын Жол картасы әзірленді. Қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілген жағдайда, элеваторлардың сақтау қуатын 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланды, - деді А.Сұлтанов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта егіс жұмыстары жақсы қарқынмен іске асып келеді. Осы қарқынды төмендетпей, егіс жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімде толық аяқтау қажет.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары көрші елдермен бірлесе жүзеге асатынын айтты.