Қазақстанда емес, халықаралық алаңда «жап-жас қыз» деген пікір айтылды - Зүлфия Сүлейменова сексизм жайлы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова өзінің осы лауазымға тағайындалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда емес, халықаралық алаңда «жап-жас қыз» деген пікір айтылды - Зүлфия Сүлейменова сексизм жайлы

«Біраз әріптестерім, яғни министрлер құттықтап, мені қолдауға дайын екендіктерін жеткізді. Әкімдер де қолдау танытты. Өте ризамын. Эйджизм, сексизм туралы айтар болсақ, өкінішке қарай қоғамда әйелдерге қатысты ондай жағдайлар болып тұрады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлем елдеріне қатысты. Менің ойымша, бұл мәселеге философиялық тұрғыдан қарау керек. Уайымдамаудың қажеті жоқ, іспен дәлелдеу керек. Маған қатысты Қазақстанда емес, халықаралық алаңда «жап-жас қыз» деген пікір айтылды. Ондай пікірлерге философиялық тұрғыдан қарап, жұмыс істеуді жалғастыра беру қажет. Министр болып тағайындалуым – мен үшін үлкен жауапкершілік. Жастардың елдің дамуына үлесін қоса алатындығының дәлелі мен көрсеткіші. Жүктелген міндеттер мен үмітті ақтауға тырысамын.

Өмірде үнемі бәрі жақсы, ойдағыдай бола бермейді. Хейтер, көреалмаушылық, негатив болып тұрады. Бұл жайтқа да философиялық тұрғыдан қараған жөн. Егер теріс пікірлер мен көреалмаушылардың әр сөзіне мән берсек, көміліп қалуға болады. Министр ретінде маған артылған жауапкершілік жоғары, сондықтан көреалмаушыларға уақыт жоқ», - деді Зүлфия Сүлейменова Үкімет үйінде тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, жаңа министр отандық экологияға қатысты мәселелерді шешу жұмысы жалғасатынын айтты.

«Былтыр экология вице-министрі болғанда біраз жұмыс істедік деп ойлаймын. Жуырда БАҚ өкілдерімен, жалпы қоғам өкілдерімен тағы жолығамыз деген ойдамын. Экология тақырыбына келсек, мәселе жиналып қалған, кешенді әрі күрделі. Оларды бірер жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Дегенмен, экологиялық мәселелерді шешу бағытындағы жұмыс жалғаса береді», - дейді ол.

Еске салсақ, 4 қаңтарда Зүлфия Сүлейменова ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов боттармен жұмыс істеуге қатысты пікір білдірген еді.

Фото: t.me/Kzgovernment