Қазақстанда ең қымбат және арзан шай қай өңірде

АСТАНА. KAZINFORM – Наурыз айында Қазақстан бойынша қара шайдың орташа бағасы келісіне 5 846 теңге болды. Былтырғы наурызбен салыстырғанда шайдың орташа бағасы 6,9% өскен.

шай
Фото: pixabay

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, орта есеппен қазақстандықтар 250 грамм шай қорабын 1 462 теңгеге алады.

Өңірлер бөлінісінде қара шайдың ең төменгі бағасы Семей қаласында байқалды: 1 кг үшін 5 300 теңге. Ал ең қымбат шай Шымкенттің бөлшек сауда орындарында сатылған – 6 747 теңге/кг.

Сондай-ақ жоғары баға Атырауда (6 338 тг/кг), Қарағандыда (6 216 тг/кг) және Қызылордада (6 069 тг/кг) тіркелді. Қалған қалаларда орташа баға 1 кг үшін 5,4 мыңнан 5,9 мың теңгеге дейін құбылады.

Жалпы шай тұтыну деңгейі бойынша бір адамға айына орта есеппен шамамен 100 грамм шайдан келеді. 

Шайдың негізгі жеткізушілерінің қатарында Кения бар – импортталатын өнімнің шамамен 40% осы елдің үлесіне тиесілі. Сондай-ақ негізгі көлемдер Үндістан мен Қытайдан жеткізіледі.

Айта кетейік, Қытай 2030 жылға қарай шай индустриясын 1,5 трлн юаньға жеткізуді көздейді.

Бірқатар шайдың құрамынан тыйым салынған заттар табылып, сатылымнан алынып тасталды.