Қазақстанда еңбек қауіпсіздігінің тұжырымдамасы әзірленуде
АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда еңбек қауіпсіздігінің тұжырымдамасы әзірленуде.
Бүгін 5-ші Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан «Жұмыспен қамту және лайықты еңбек саласындағы жаһандық үрдістер» сессиясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.
«Лайықты еңбек - бұл бірінші кезекте қауіпсіз еңбек. Дегенмен біз бұл мақсаттарға қол жеткізуден біршама қашықтамыз. Жыл сайын Қазақстанда қайғылы оқиғалар салдарынан 300-ден астам адам қаза тауып, айтарлықтай адами және экономикалық шығындарға әкеледі», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген министр.
Оның пайымынша, еңбекті қорғау тәуекелдерін басқару стратегиясының маңызды сәті орын алған қайғылы оқиғалардың салдарын жоюдан оларды алдын ала ескертуге, жұмысшылардың денсаулығын сақтауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруға көшу болып табылады.
«Осыған орай министрлік алдағы жылдарға арналған Қазақстан Республикасында еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау бойынша тұжырымдама әзірлеуде. Онда өнідірістік жарақат пен аурудың алдын алу, жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, еңбек жағдайын және жұмыс ортасын жақсарту бағытындағы кешенді қадамдар көрініс табатын болады», - деді Г.Әбдіқалықова.