Қазақстанда энергия ресурстарының шығынын 90%-ға қысқарту жоспарланып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда отын-энергетика кешенін цифрландыру арқылы энергия ресурстарының шығынын 90%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Аққенженов мәлімдеді.

AI-энергия
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, Digital Qazaqstan стратегиясы аясында министрлік отын-энергетика кешенін цифрландыру бойынша үш бағытта 20 іс-шараны іске асырып жатыр.

– Күтілетін нәтиже – нысандардағы апаттылықты 25%-ға төмендету және энергия ресурстарының шығынын 90%-ға қысқарту. Экономикалық әсері жылына шамамен 23 млрд теңге, – деді министр.

Қазір салада жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған 45 жобадан тұратын портфель қалыптастырылған. Газ саласында AI газ тұтынуды болжауға, мұнай-газ саласында мұнай өнімдерінің айналымын талдауға, ал электр энергетикасында өндірістік қауіпсіздікті арттыруға пайдаланылады.

Министрдің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» компаниясы ЕмбіМұнайГаз кен орнында цифрлық егіз құру бойынша пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Жоба өндірістік нысандар туралы деректерді біріктіреді. Оны кеңінен енгізу нәтижесінде мұнай өндіру көлемін қосымша 2,9 млн тоннаға дейін ұлғайту күтіледі.

Сонымен қатар Астана қаласының энергетикалық кешені нысандарының цифрлық егіздерін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл отынды 2,5%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін басым жасанды интеллект шешімдерінің тізілімін, цифрлық егіздердің нысаналы архитектураларын және киберфизикалық қауіпсіздік архитектурасын бекіту жоспарланған.

– Бұл кәсіпорындарға стандартты шешімдерді пайдалануға және табысты жобаларды саланың барлық нысандарына жедел енгізуге мүмкіндік береді, – деді Ерлан Аққенженов.

Бұдан бөлек, энергетика нысандарының киберфизикалық қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде технологиялық желілерді қорғау, киберқауіптерді анықтау және ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтап, бейтараптандыру тетіктері қарастырылған.

2026 жылы цифрлық егіздердің пилоттық жобаларын іске асыруға, жасанды интеллект шешімдерін енгізуге және бірыңғай архитектураны бекітуге басымдық беріледі.

Ал 2029 жылға қарай барлық жоспарланған іс-шараларды аяқтап, отын-энергетика кешенін цифрлық деректер негізінде басқаруға көшу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, ЕО дата-орталықтардың энергия мен суды тұтынуын шектемек.