Қазақстанда энергияны үнемдеу жұмыстары қалай жүріп жатыр

энергия
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Астанада энергия үнемдеу бойынша дәстүрлі V халықаралық форум өтіп жатыр. Сарапшылар Қазақстанның түрлі секторларындағы энергия тұтынудың жай-күйін талқылады, деп хабарлайды Kazinform.

Форумның ашылуында Мәжіліс депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында энергияны үнемдеу және тиімділігін арттыру саласын ерекше атап өткенін еске салды.

«Үкімет ЭЫДҰ стандарттарын ескере отырып, қолданыстағы энергия тиімділігі саясатын түбегейлі қайта қарауы қажет. Бұл туралы Президент өз Жолдауында атап өтті. 2029 жылға қарай алдымызда энергия тұтынудың және энергия сыйымдылығының негізгі көрсеткіштерін кемінде 15%-ға төмендету міндеті тұр. Сондай-ақ қазіргі қалыптасқан энергия үнемдеу жүйесінің басталуы 2012 жылы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатының негізгі бағыттарын көздейтін арнайы заң қабылдау арқылы айқындалды», - деді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, осы саясатты белсенді іске асыру арқылы Қазақстан 2021 жылы энергия сыйымдылығының 2008 жылғы деңгейінен 38,5%-ға төмендеуіне қол жеткізді. Алайда депутат бұл салада әлі де көп жұмыс атқарылуы керек деп санайды.

«Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, Қазақстанның энергия сыйымдылығы 2021 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі орташа деңгейден екі есе, ал ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда 3,2 есе жоғары болды. Энергия тұтынудың көп бөлігі өндірістік және тұрғын үй салаларына тиесілі. Айта кету керек, өнеркәсіп секторы күрделі жаңғыртуды талап етеді», - дейді Мәжіліс депутаты.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев 2018 жылы Қазақстан алғаш рет энергия үнемдеу форумын өткізгенін айтты. Ал 2019 жылы 11 қараша Энергияны үнемдеу күні болып жарияланған.

Оның айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2014-2024 жылдарды барлығы үшін тұрақты энергетиканың онжылдығы деп жариялаған. БҰҰ алға қойған үш мақсаттың бірі – 2030 жылға қарай энергия тиімділігінің жаһандық көрсеткішін екі есе арттыру.

«Экономиканың дамуы энергия ресурстарын тұтынудың өсуімен тығыз байланысты. Оларды тиімсіз пайдалану қоршаған ортаның сарқылуына және ластануына әкеледі. Бұл фактор әлемдік қоғамдастықты жауапты тұтынуды енгізу және орнықты өсуді қамтамасыз ету бойынша батыл іс-қимыл жасауға мәжбүр етеді», - дейді Азамат Панбаев.

Тағы бір маңызды тақырып Қазақстанда электромобилизацияны дамыту болды. Сарапшылар электромобильдер үшін инфрақұрылымды жедел дамыту және таза көлікті пайдалануды ынталандыру шараларын енгізу қажет екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар