Қазақстанда эпилепсияға операциялар жасалуда- Серік Ақшолақов

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Былтырдан бастап Қазақстанда эпилепсияға (қояншық ауруы) операциялар жасалуда. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының бас директоры Серік Ақшолақов мәлім етті.

Қазақстанда эпилепсияға операциялар жасалуда- Серік Ақшолақов

«Бүгінде әлемдегі үлкен орталықтарда эпилепсияға операциялар жасалады. Біз былтырдан бастап шетелдік нейрохирургтармен бірігіп, тәжірибе алмасып, бүгінде елімізде ота жасалған он адам бар. Олардың барлығының ахуалы қазіргі кезде жақсы»,-деді ол.

«Қазіргі кезде қарқынды түрде жаппай эпилепсияға операция жасай аламыз деп айта алмаймын. 100 адамнан біз тек қана 10 адамды таңдап алдық. Өйткені, қалған тоқсан адамға ота көмектеспейді. Сондықтан бұл бағытты ары қарай дамытамыз деген ойдамын»,-деді бас директор.  

 Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан жағы шетелмен аталған талма ауруын емдеу бойынша тәжірибе алмасу шаралары жүруде.

«Атап айтқанда аталған 10 операция деген аз. Бірақ эпилепсия ауруының отасынан гөрі, оны тура диагнозын қойып, операция керек болатын жағдайларды анықтау өте қажеттілік етеді»,-деп түйді С. Ақшолақов.