Қазақстанда ересектердің 70 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген - А. Қырықбаев

АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ересектердің 70 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген.  Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік тілді дамытудағы проблемалар туралы» мәселені талқылау барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев осылай мәлім етті.
None
None

Сөз арасында вице-министр мемлекеттік тілдің даму мәселесі ел тәуелсіздігінен бері өзектілігін жоғалтпағанын, осы бағытта атқарылған саясатта бір жағынан тіл дамуының мүмкіндіктері пайда болып, екінші жағынан әртүрлі күрмеулі проблемалардың күннен күнге артып отырғанын атап өтті.

«Жалпы қазақ тілінде тәрбиелейтін бала-бақшалар саны 2 мың 591-ге жетті. Бұл 1991 жылмен салыстырғанда 1433-ке көп көрсеткіш. Тәуелсіздік жылдары 900-ге тарта толыққанды қазақ тілді мектептер ашылып, бүгінгі күні олардың саны 3 мың 830-ға жетті. 1989-1990 оқу жылдарында қазақ мектептерінде 910 мың оқушы білім алса, қазір олардың саны 1 млн. 600 мыңнан асып отыр. Бұдан бөлек, республикамызда мемлекеттік тілді меңгерген ересектер саны жылдан жылға көбеюде. Егер 2008 жылғы көрсеткіш бойынша олардың пайыздық үлесі 51-ге тең болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 70 пайызға жетіп отыр. Яғни, бұл ресми мәліметтерге сәйкес көрсеткіш», - дейді вице-министр А. Қырықбаев. 

Дегенмен, министрлік өкілі мемлекеттік тілді дамыту бағытында тек жетістіктер ғана болып отырмағанын, сол үшін мемлекеттік органдар тарапынан күрделі проблемаларды шешуге назар аударылып жатқанын мәлім етті. Осы ретте вице-министр қордаланған проблемалардың үш негізгі бөлігіне тоқталды. «Бұл біріншіден, қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әртектілігі. Екіншіден, елдің қоғамдық-саяси өміріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі. Үшіншіден, тіл мәдениетінің төмендігі. Осы үш проблеманы жүйелі түрде шешу қажеттіліктері мемлекеттік тілді дамыту саласындағы нақты  жұмыстарға негізделген»,  дейді ол.

Соңғы жаңалықтар