Қазақстанда ересектердің математикалық әрі компьютерлік сауаттылығы зерттеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда PIAAC - ересектердің дағдыларын халықаралық зерттеудің бірінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
PIAAC - 16-дан 65 жасқа дейінгі тұрғындардың математикалық, оқырмандық әрі компьютерлік сауаттылығы деңгейін ауқымды зерттеуге негізделген.
Ақпараттық-талдау орталығының мәліметінше, бірінші кезеңде (2017 жылғы тамыз-қараша) Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы ересек адамдар зерттеумен қамтылады деп күтілуде.
Ал 2018 жылы (қаңтар-сәуір) өтетін екінші кезеңде Алматы қаласы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстары қатысады.
Жалпы, зерттеумен 6 000-нан кем емес адам қамтылмақ. PIAAC жобасын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы үйлестіреді. Қазақстанда аталған жобаның ұлттық үйлестірушісі ретінде ҚР БҒМ «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ бекітілген.
Қазақстанның PIAAC-ке қатысуы елдегі ересек адамдардың әлеуеті мен бәсекеге қабілеттігіне тәуелсіз халықаралық баға беруге, еңбек нарығына адамдардың дайындығы тұрғысында білім беру жүйесінің тиімділігін тексеруге мүмкіндік береді.
Бұл жобаға қатысатын 37 елдің, оның ішінде ЭЫДҰ-ға мүше 28 мемлекеттің нәтижелері 2019 жылы жарияланады.