Қазақстанда еркектер әйелдерден гөрі 9 жылға аз өмір сүреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ер адамдар әйелдерден гөрі 9 жас аз жасайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық сақтауды дамыту» Республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова ОКҚ-да өткен баспасөз мәлихатында қоғамдық денсаулық сақтау қызметі туралы баяндады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Қоғамдық денсаулық сақтау деген жеке адамның емес, халықтық ауқымды шараларды қамту болып табылады. Қазақстан азаматтарының өмір сүру ұзақтығын арттыру ол осы Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басты мақсаты. Бүгінгі күні өкінішке орай, Еуропаның дамыған елдерімен салыстырғанда қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 8 жарым жылға қысқа. Яғни, Қазақстанда орташа есеппен адам 72 жас өмір сүрсе, Еуропада бұл көрсеткіш 80,6 жасты көрсетеді. Ал енді еркектер мен әйелдердің арасын салыстырсақ, Қазақстанда еркектер әйелдерден гөрі 9 жас аз өмір сүреді. Қазақстанда еркектердің орташа өмір сүру жасы 67,5 болса, әйелдердің жасы 76,5», - дейді Айнұр Айыпханова.

Оның айтуынша, еркектердің әйелдерден аз өмір сүру себебі өсіп келе жатқан инфекциялық емес аурулардың кеселінен туындайтын көрінеді.

«Мысалы, қант диабеті, қан қысымы, созылмалы аурулар адамдардың өміріне қауіп төндіретін негізгі сырқаттар. Оған қоса Қазақстанда 15-29 жас аралығындағылар жол апатына жиі ұшырап, суицидтің кеселінен өмірден өтетіндіктен, Қазақстандағы жалпы өмір сұру ұзақтығы қысқа болып отыр», - дейді ол.

Айта кетсек, ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ДСҰ өкілдері 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі - Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құрудың мақсаты қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша мүдделі тараптардың күштерін біріктіру болып табылады.

Соңғы жаңалықтар