Қазақстанда Ерлік күні атап өтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 сәуірде Қазақстанда Ерлік күнін атап өту бойынша бірқатар шаралар өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
"1995 жылы Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан ҚР Ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алу мақсатында ҚР Ұлттық Ұланы 7 сәуір күнін Ерлік күні деп жариялаған болатын. Осы күні ҚР Ұлттық Ұланының бөлімшелері орналасқан аймақтарда ардагерлер, әскери міндетін өтеушілер Отан алдында борышын орындау барысында қаза тапқан жауынгерлерге құрмет көрсетеді", - деді ол.
Сонымен қатар Астанада Отан қорғаушылар монументінде Ішкі істер министрлігі басшылығының және ҚР Ұлттық Ұланының басшылығының қатысуымен салтанатты шара өтетін болады. 7 сәуірде Астанада "ҚР Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасына қызмет етемін!" атты әскерге салтанатты шығарып салу рәсімін өткізуді жоспарлап отыр.