Қазақстанда ерте білім беру жүйесі енгізіледі - Бақытжан Жұмағұлов

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Барлық қазақстандықтарды бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингісінде 72-інші орыннан 51-інші орынға шыққанымызбен құттықтаймын. Бұл Мемлекет басшысының бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кіру тапсырмасының нәтижесін көрсететін үлкен жетістік.

Қазақстанда ерте білім беру жүйесі енгізіледі - Бақытжан Жұмағұлов

Бұл туралы Bnews.kz порталы жүргізген «Білім жүйесін жаңарту - адами әлеуеттің сапалы дамуының негізгі векторы» атты онлайн-конференцияда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұл жеңіске Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктерімен қатар, білім және ғылым жүйесінің дамуы да өз үлесін қосты. Әлемдік рейтингіде 11 индекс бойынша орын белгіленеді, ал біздің еліміз солардың көбінде өте жақсы нәтиже көрсете білді

«Білім саласын дамытуда менің ерекше атап өткім келетін негізгі екі сала бар. Біріншісі, барлық білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, ең алдымен балабақшалар, мектептер, жатақханалар салу, химия кабинеттерін жабдықтау, физика пәнін зертханалармен қамтамасыз ету және тағы басқалар. Ал екінші, әлемдік тәжірибеге негізделе отырып, білім берудің сапасын арттыру», - деп атап өтті министр.    

БҒМ басшысының айтуынша, бүгінде елімізде білім беру жүйесі ғана емес, білім берудің технологиясы мен әдістемесі де толықтай қайта қарастырылу үстінде. Ол үшін біліктілікті арттырудың да, оқушылардың білімін бағалаудың да жаңа жүйелері қалыптасты. «Біз ең алдымен білім беру сапасын бақылаудың жүйесін ұлттық деңгейге дейін көтердік. Бұл өз кезегінде еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан жағдайларды байыптылықпен бағалауға мүмкіндік береді», - деді ол.

«Мемлекет басшысы бізге ерте білім беру жүйесін енгізуге тапсырма берген болатын. Бүгінде әлемдік тәжірибе мен Үлкен жетіліктің мысалын ала отырып, Қазақстан да ерте білім беру жүйесіне өтіп келе жатыр. Яғни, барлық білім жүйесін үлкен өзгерістер күтіп тұр», - деп баса айтты Б. Жұмағұлов.