15:04, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстанда ерте пісетін көкөніс өндірісін жолға қою керек ? Семинар-кеңес
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ның деректері бойынша, елімізде ерте пісетін көкөніс түрлерін өсіретін 108 жылыжай жұмыс жасауда.
Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен семинар-кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиынға қатысқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, көктемгі маусымда ерте пісетін көкөніс өнімдеріне деген қажеттілік тек 35-40 пайызға қанағаттандырылады. Бұл өз кезегінде ұсыныстың азайған тұсында көкөніс бағаларының жоғарылауына әкеледі. «2008 жылы жинап алынған ерте пісетін жеміс, көкөністердің көлемі тіпті аз. Жабық алқаптарда өсірілетін көкөніс көлемі былтыр 4,0 тонна болды. Маусым кезінде ішкі нарықта импорттық көкөністердің үлесі басым болып кетеді. Осылайша 2008 жылы шет мемлекеттерден 48 153 тонна көкөніс әкелінді. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 6,3 есе көп», дейді ол.Соңғы кезде қазақстандық фермерлердің жылыжайларда көкөніс өсіру бизнесіне деген қызығушылықтары артуда. Бірақ қымбатшылық пен кәсіби мамандардың жоқтығы бұл кәсіпті тиімсіз қырынан көрсетіп отыр. Шығындардың 60 пайызы тек жылыту және желдеткіш жүйелеріне кетеді екен.
Отандық өндірушілер үшін ең басты кедергілер ? қаржы жетіспеушілігі, инфрақұрылымдардың және логистиканың нашарлығы, жеткізілім қиындықтары, техникалық жабдықтардың ескіруі, жердің минералдық тыңайтқыштармен дер кезінде байытылмауы болып табылады.