Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдарды емдейтін арнайы орталықтар құратын мезгіл жетті ? Б. Мұхамеджанов
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда тек есірткіге тәуелді адамдарды емдейтін арнайы орталықтар құратын уақыт келді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Еліміздегі 39 наркологиялық мекемелерде қазіргі таңда нашақорлықпен де, алкоголизммен де ауратындар емделуде. Сондықтан тек есірткіге тәуелді адамдарды емдейтін медициналық-әлеуметтік оңалтатын арнайы орталықтар құратын уақыт келді», деді өз сөзінде М. Мұхамеджанов. Дей тұрғанмен, дәл қазіргі уақытта мұны орындау қиындау екендігіне тоқталған министр, «алайда проблеманы шешу қажет. Тым болмағанда, бұл жұмысты есірткі жағдайы барынша күрделі өңірлерден бастаған жөн. Бұлар - Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары», деді. Б. Мұхамеджановтың айтуынша, мемлекеттік наркологиялық қызметтер нашақорларды емдеу және оларды оңалту жұмысын толық көлемде атқара алмай жатқанын тәжірибе көрсетуде. «Бүгінде бізде 27 жеке емхана бар. Мемлекет бұлардың қызметін ынталандырғаны жөн. Бұл жұмысты оларға белгілі бір жеңілдіктер беру арқылы жүзеге асыруға болады», деді министр.Б. Мұхамеджанов келтірген мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10 жылда елімізде тіркеуде тұрған есірткі тұтынатын адамдардың саны 1,5 есеге көбейген. Ал осы жылдар ішінде нашақорларды емдейтін нарколог мамандар мен төсек орындарының саны өзгеріссіз - 607 адам күйінде қалған.