Қазақстанда ескі автокөліктердің саны 3 пайызға өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жеңіл автокөліктердің саны 0,6 пайызға азайып, 2018 жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша 3,8 миллион болған. Сондай-ақ, 7-10 жыл бұрын шыққан автокөліктердің саны 13,3 пайызға (290 мың) кемісе, пайдаланғанына 3 жыл болған көліктердің саны 12,8 пайызға (520,9 мың) төмендеген. Мұндай статистиканы Ranking.kz келтіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда ескі автокөліктердің саны 3 пайызға өсті

Айта кетерлігі, қолданыста болғанына 3-7 жыл болған жеңіл автокөліктердің саны 12,2 пайызға көбейіп, 471,5 мың данаға жеткен. Сонымен бірге, 10 жылдан астам пайдаланылған автокөліктердің саны 4,1 пайызға артып, 2,4 миллион дананы құраған.

Жеңіл автокөліктердің саны жағынан осы жылдың мамын айындағы көрсеткіш бойынша қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы көш бастап тұр. Ол өңірде 482 мың жеңіл автокөлік бар. Атап өтерлігі, аталған аймақта жасы 10 жылдан асып кеткен автокөліктердің үлесі 69,4 пайызды құрайды.

Одан кейінгі орында 473,1 мың автокөлігімен Алматы облысы тұр. Ол жерде пайдаланғанына он жылдан астам уақыт өтіп кеткен көліктердің үлесі 77,5 пайызға жеткен. Алматы облысы ескі көліктердің саны жағынан республикада Жамбыл облысынан (ол жерде 81,3 пайыз) ғана қалып тұр.

Көліктердің саны жағынан үштікті Алматы қаласы түйіндейді. Ол жерде 10 жылдан астам пайдаланылған көліктердің үлесі 49,7 пайызды құрайды.