Қазақстанда ескі көлікті қайта кәдеге жарату зауыты іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жарты жылдан кейін қазақстандықтар ескі көліктерін утилизацияға тапсыра алады, яғни, дәл жарты жылдан кейін Қазақстанда ескі көлікті қайта кәдеге жарататын алғашқы зауыт іске қосылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатыса отырып, Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда ескі көлікті қайта кәдеге жарату зауыты іске қосылады

«Ескі көліктерді қайта кәдеге жарататын зауыт тоқтап тұр деген мәлімдемені мен айтқан жоқпын, - деді вице-министр журналистердің «Үкімет зауыт құрылысын кейінге шегергені шын ба?» деген сұрағына жауап бере отырып. - Қазір менің білуімше, конкурстық процедуралар жүріп жатыр, кешегі қолда бар ақпаратқа сүйенсем, алғашқы зауыт алты айдан кейін іске қосылады.

А.Раудың айтуынша, Қазақстан ескі көліктерді қайта кәдеге жарататын зауыттың кемінде үшеуін салуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, утилизация жасайтын бірінші зауыт Астанада, екіншісі Қарағандыда, үшіншісі Алматы немесе Шымкент қаласында салынбақ.

«Ары қарай, бұл іс айналып кетсе, онда әрбір облыс үшін ескі көліктерді қабылдайтын бір пункт ашамыз», - деді А.Рау.