Қазақстанда Евро-3 стандартын енгізу мерзімі жарты жылға кейін шегерілді - ККМ
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда Евро-3 стандартын енгізу мерзімі жарты жылға кейін шегерілді, деп хабарлайды Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 2010 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 және 2010 жылғы 24 қыркүйектегі №977 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысына қол қойылды. Бұл құжатта Евро-3 экологиялық стандартын енгізудің жаңа мерзімі белгіленіп, автокөлік құралдарын өндіруші елдердің кестесіне өзгертулер енгізілді.
Бұдан бұрын, 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 қаулы бойынша Автокөлік құралдары бөлетін зиянды заттарға қойылатын талаптар туралы техникалық регламент бекітілген болатын. Онда Қазақстан Республикасы аумағында айналымға түскен автокөлік құралдары үшін 3-экологиялық кезеңді енгізу 2011 жылғы 1 қаңтарға жоспарланды.
Алайда, республика аумағында 2011 жылғы 1 шілдеге дейін Кедендік Одақ шеңберінде жеке тұлғалар үшін автомобильдерді сырттан әкелуге жеңілдетілген кедендік салықтар қарастырылғандықтан, осы іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 және 2010 жылғы 24 қыркүйектегі №977 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулының жобасын жасап, Үкіметке тапсырды. Осылайша, жоғарыда айтылған қаулыға сәйкес, 3-экологиялық кезеңді енгізу мерзімі 2011 жылғы 1 шілдеге ауыстырылды.
Сонымен қатар, аталмыш қаулыға сәйкес, жоғарыда айтылған Техникалық регламенттің 5-қосымшасына да өзгерістер енгізіліп, онда елдердің әрқайсысына автомобильдерді жасап шығару жылдары белгіленді.
Сонымен, Ресей үшін өндіру мерзімі - 2008 жылдан бастап және одан кейін, Украина үшін - 2010 жылғы 1 шілдеден бастап және одан кейін, Беларусь үшін - 2008 жылдан бастап және одан кейін, Өзбекстан үшін - 2010 жылдан бастап және одан кейін.
Бұл қаулы 2010 жылғы 27 желтоқсанда қол қойылғаннан кейін күшіне енді.