Қазақстанда фармацевтика өндірісінің көлемі 3 есеге ұлғайды

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат - Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырыла бастағалы бері фармацевтика өндірісінің көлемі 3 есеге дерлік өсті, деп хабарлады ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда фармацевтика өндірісінің көлемі 3 есеге ұлғайды

Баршаға аян, фармацевтика саласы ҮИИД бағдарламасының аясындағы басымдықты бағыттардың бірі ретінде анықталған. Бағдарламаның нысанды индикаторына сәйкес 2014 жылы ішкі нарық отандық өндірушілердің есебінен дәрілік заттармен 50% қамтамасыз етілетін болады.

«Бұл индикатор 2011 жылы 49% болды. Ал былтыр дәрілік заттар өндірісінің көлемі 29,4 млрд. теңгені құрады, бұл 2008 жылғы көрсеткіштен (10,2 млрд. теңге) 3 есеге көп», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бірыңғай дистрибьютердің сатып алу көрсеткішінің құрылымындағы отандық өндірушілердің үлесі 67% құрады. Атап айтқанда, былтыр 93 қазақстандық кәсіпорынның өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруымен байланысты шығындары өтелді. Өтемнің жалпы сомасы- 291,2 млн. теңге. Оның ішінде, «Нобел АФФ», «Химфарм», «DOSFARM», «Медоптик» сынды төрт кәсіпорынның 9,4 млн. теңге сома шығындары қайтарылды.

2010 -2012 жылдары салада 16 инвестициялық жобаның іске асырылғанын айта кету керек. Ал 2013-2015 жылдарға тағы 14 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.