Қазақстанда форумдар мен іс-шаралар саны азая ма
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрлігі еліміз қатысатын және елде өтетін форумдар және басқа да іс-шараларды қысқартуға қатысты түсінік берді.
Жуырда Үкімет басшысы елімізде өткізілетін түрлі форматтағы іс-шараларға жұмсалатын шығындардың азаятыны туралы мәлімдеді. Осы орайда бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында: «Ведомство өткізетін және қатысатын іс-шаралар саны азая ма?» деген сауал қойылды.
«Форумдар мен іс-шараларды тек Сыртқы істер министрлігі ғана емес, барлық мемлекеттік органдар өткізеді. Әрине, бірінші кезекте жоғары басшылықтың тапсырмаларын орындайтын боламыз және мүмкіндігінше оңтайландырамыз. Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, еліміз үшін сыртқы саясаттың рөлі артып келеді. Оның ішінде экономикалық ахуал, санкция саясаты және басқа да саяси процестер туралы әріптестерімізбен көбірек сөйлесуіміз керек», - деп жауап берді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, халықаралық саясатта уағдаластық керек.
«Сондықтан форумдар мен басқа іс-шаралар себепсіз өткізілмейді. Оның аясында көптеген келісімге қол жеткізіледі. Көріп отырғаныңыздай, біздің елге бірде-бір санкция жоқ, соның бәрі келіссөздердің нәтижесі. Сондықтан түсіністікпен қарауды сұраймыз. Біз өз жұмысымызды жоғары деңгейде атқарамыз», - дейді ол.