Қазақстанда футбол клубының бас бапкері күмәнді матчтарға байланысты шеттетілді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасында ойын көрсететін «Арыс» футбол клубының басшылығы күдікті матчтар туралы уақытында хабарламағаны үшін жазаланды.
Қазақстан футбол федерациясының бақылау, тәртіптік және этика комитеті «Арыс» футбол клубы мен оның басшылығына қатысты ресми шешім шығарды. Онда санкциялар қызметтік тергеу және келісілген матчтарға қарсы күрес саясаты аясында қолданылды.
Комитеттің ресми шешіміне сәйкес, «Арыс» футбол клубының бас бапкері Ғалымжан Есенбаев ҚФФ аясындағы барлық жарыстардан ұзақ мерзімге шеттетілді. Ол 2027 жылдың 1 тамызына дейін белгіленген. Жаза оған матчтардың нәтижесіне әсер ету әрекеті туралы өзіне белгілі болған фактіні хабарламағаны үшін берілді.
Клуб директоры Арман Пірмановқа ҚФФ-ның регламенттік құжаттарының талаптарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ресми ескерту жарияланды. Сонымен қатар, «Арыс» футбол клубына тергеу барысында федерацияның өкімін орындамағаны және келісілген матчтарға қарсы саясатты сақтамағаны үшін 50 АЕК көлемінде ақшалай айыппұл салынды. Клуб бұл соманы 2026 жылдың 3 желтоқсанына дейін қоса алғанда төлеуге міндетті.
«Арыс» ФК директоры Арман Пирманов бұл жағдайға қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, оқиғалардың хронологиясын клуб тарапынан түсіндірді.
Басшының айтуынша, мамыр айына дейін команда бірнеше ойын бойы жеңілістің ащы дәмін татты. Себебін анықтау үшін Арман Пірманов бас бапкер Ғалымжан Есенбаевпен бірге ішкі тексеру жүргізген. Жеңілген ойындардың бейнежазбасы жинақталған. Оны талдауға сырттан мамандарды тартқан.
Оны зерттеу барысында басшылық негізгі құрам ойыншыларының әрекетіндегі келеңсіз көріністерді өздері анықтап, күмәнді голдардың болғанын анықтаған. Жинақталған бейнежазбаларды клуб өз бетінше құзырлы органдарға тексеру үшін тапсырған.
Арман Пірманов «Арыс» футбол клубы келісілген кездесулерді ұйымдастыруға қатысқан жоқ және қатыспайтынын атап өтті. Керісінше болып жатқан жағдай туралы өзі бастама көтеріп мәлімдеген. Директор ҚФФ тұжырымына назар аударды, оған сәйкес клуб тек анықталған күмәнді жағдай туралы кеш хабарлағандықтан ғана санкция алған.
Мәлімдемесінің соңында Арман Пірманов «Арыс» футбол клубының басшылығы жазаның қатал болуымен түбегейлі келіспейтінін және ресми апелляция беретінін хабарлады.
Еске салсақ, «Ордабасы» 2026 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанды.