Қазақстанда ғарыш саласының негізі қаланды деп айтуға болады - Т. Мұсабаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ғарыш саласының негізі қаланды деп айтуға болады. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев осылай мәлімдеді.
«Сөзсіз, ғарыш қызметін дамыту - бір күннің жұмысы емес. Алайда, Қазақстан тарихында алғаш рет үш ғарыш аппаратының бірінен соң бірі ұшырылғанын ескерсек, онда біз отандық ғарыш саласының негізін қалай алдық деп сеніммен айтуға болады. Соның ішінде бұл жетістіктердің барлығы айналдырған 7 жылдың ішінде орын алып отыр. Дегенмен, Қазақстанның ғарыш саласы одан әрі дами береді, алдына өршіл міндеттер қойып, оны жүзеге асыру арқылы біз ғарыш қызметі мен өнімдерін ұсынатын әлемдік көшбасшылар қатарына енгіміз келеді», - деді Т. Мұсабаев.
Оның айтуынша, ғарыш саласы қызметінің көпқырлылығы мен күрделілігін есепке алсақ, бұл саланы дамытуда ғарыштық техника мен технологияны құру саласындағы әлемнің көшбасшыларымен ынтымақтастық орнату аса маңызды. Бұл бағытта да қазақстандық ғарыш саласы аз жұмыс атқармаған. «Мәселен, Ұлттық ғарыш агенттігі Ресей Федерациясы, Украина, Израиль, Франция, Қытай Халық Республикасы, Үндістан, Жапония, Германия, Корея Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд Корольдігі, Ұлыбритания, Швеция, Нидерланды Корольдігі секілді елдермен байланысты жаңғыртып келеді. Осы елдермен ынтымақтастықты нығайта түсу, халықаралық ынтымақтастық ауқымын кеңейту мақсатында жұмыс жалғаса түспек», - деді агенттік басшысы.