Қазақстанда газ баллондарының қауіпсіздігіне қатысты инспекция құру ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Шавхат Өтемісов қауіпсіздік тұрғысында газотехникалық инспекцияларды құруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда газ баллондарының қауіпсіздігіне қатысты инспекция құру ұсынылды

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде  Парламент депутаттары бастамашылық жасаған «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда. Аталған заң жобасымен жұмыс барысында газбен жабдықтау жүйесі нысандарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету мәселелері газ нарығы субъектілерінің үлкен алаңдаушылығын туғызып отыр. 2014 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау жүйелері нысандарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылау жүргізу жөніндегі құзыреті алып тасталған болатын. Осының салдарынан газ нарығы субъектілерінің қауіпсіздік талаптарын сақтауына бақылау жүргізу мүлдем жоғалтылды. Тек  соңғы бір жылда Қазақстанда  газ баллондары жарылуының 91 жағдайы орын алған, оның барысында 9 адам қаза тауып, 100 адам зардап шеккен», - деп атап өтті депутат Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Үкімет газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану мәселесін шешу үшін тиісінше өкілеттіктерді тұрғын үй инспекцияларына жүктеуді жоспарлап отыр.

«Тұрғын үй инспекцияларының өкілеттіктері газ құбырлары, газ толтыру пункті және автогаз құю стансысы сияқты объектілерге жеткілікті болмайтыны сөзсіз. Яғни, проблема ішінара шешілетін болады және азаматтар үшін алғашқы қауіп көздері назардан тыс қалады. Осыған байланысты, Бақытжан Әбдірұлы (Үкімет басшысы), өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның, болмаса жергілікті атқарушы органдардың жанынан газотехникалық инспекцияларды құруға бағытталған жедел шаралар қабылдау қажет. Бұл құрылым тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау жүйелерінің нысандарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асыратын болады», - деді Ш. Өтемісов.