Қазақстанда газбен жүретін көлік саны 1 жылда екі есеге артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бір жылдың ішінде ғана газбен жүретін көліктердің саны 160 мыңнан 333 мыңға дейін жеткен. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстанда газбен жүретін көлік саны 1 жылда екі есеге артты

«2018 жылы Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау талаптарына сәйкес, елімізде газдың бағасын мемлекеттік реттеу жүйесі қалыптасады. Әр тоқсан сайын Энергетика министрлігі ҰЭМ-мен бірлесіп, сұйытылған газдың бағасын белгілеп отырады. Ішкі істер министрлігінің келтірген мәліметіне жүгінсек, 2016 жылы Қазақстанда сұйытылған газды отын ретінде пайдаланатын автокөліктердің саны 160 933 болса, 2017 жылдың 6 айының есебі бойынша мұндай көліктердің саны 333 мыңға жеткен. Яғни, осы қарастырылған уақытта көліктер саны екі есеге өскенін байқауға болады», - дейді Зияш Қияқбаев.

Оның айуынша, сұйытылған газды тұтыну бойынша 2015-2016 жылдар арасында ішкі нарықтағы газды тұтынудың көлемі 22-25 пайызға өссе, қазіргі уақытта Қазақстанда сұйытылған газды тұтыну айына 80-85 мың тоннаға дейін жетіп отыр.

«Газды ең көп пайдаланылатын өңір - Маңғыстау облысы. Ол өңірде айына 13 500-14 500 тонна газ тұтынады. Жаз айларында сұйытылған газды пайдалану мөлшері өседі. Ал қыс айларында азаяды», - дейді Зияш Қияқбаев.