Қазақстанда газотехникалық инспекция құрылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда газотехникалық инспекция құрылуы мүмкін. Мұндай ұсынысты бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қазақстанда газотехникалық инспекция құрылуы мүмкін

«2015 жылы біз ведомствоаралық комиссияда газ құрал-жабдықтарын пайдалану мәселесін екі рет қарадық. Ұлттық экономика министрлігіне өкілетті орган ретінде жергілікті атқарушы органға берілген аталған қызметтің үлгілік ережесін, міндеті мен қызметін әзірлеу ұсынылған еді. Бірақ, әлі күнге дейін жергілікті жерлерде бұл жұмыс жүргізілген емес. Бүгінгі таңда газотехникалық инспекция Астана, Алматы және Қостанай облысында ғана бар. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне қысқа мерзімнің ішінде аталған нормативтік базаны әзірлеу, ал өңірлердегі әкімдерге газотехникалық инспекция құруды қамтамасыз ету ұсынылады», - деді министр.

Осы ретте ол Шымкенттегі тұрғын үйдің апатқа ұшырауына газ жылу жүйесінен табиғи газдың сыртқа шығу себеп болғанын айтты.

«Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жерде газ құрылғылары өте өрескел пайдаланылған. Біз де сараптама жүргіздік. Жыл сайын елімізде газ құрал-жабдықтарын пайдалану ережесін бұзумен байланысты 60-тан 90-ға дейін жарылыс орын алады. Бұл жерде де газды пайдалану саласында бақылау жоқ. Алайда ол жергілікті атқарушы органға берілген», - деді Қасымов.