Қазақстанда гемофилияға шалдыққан екі мыңға жуық науқас бар
АСТАНА. 17. ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанда гемофилияға шалдыққан екі мыңға жуық науқас бар. Бұл туралы бүгін елордада Республикалық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бөлім жетекшісі,
медицина ғылымының докторы Ерсін Жүнісов мәлім етті.
«Біздің деректерге сәйкес, Қазақстанда 2 мыңға тарта науқас бар. Оның ішінде 250 науқасқа қазіргі уақытта ота жасау қажет. Сонымен қатар бірнеше буынның зақымдануына байланысты 500-дей науқасқа осы орталықта сапалы медицниалық көмек қажет етіледі», - деді ол.
Оның атап өтуінше, гемофилия қанның ұюымен байланысты тұқым қуалайтын ауру. Сонымен қатар ол буындарға, бұлшық еттерге, ішкі органдарға қан құйылуы барысында тосын немесе жарақаттың және хирургиялық араласудың нәтижесінде пайда болады.
Жалпы бұл ауруды үшке бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы туа біте пайда болатын сырқат әрі ол буындарда қан ұюынан, буындардың қабынуынан пайда болады. Ал қалған екеуі ем алу барысында ұзақ уақыт бойы қабылданған горманалды дәрі-дәрмектердің әсерінен буындардың зақымдануынан туындайды. «Оталардың ішіндегі ең қиыны - эндопротездеу. Яғни жасанды жамбас, тізе, буын салу. Мұндай науқастарға шұғыл жағдайдың өзіне ота жасау 2010 жылға дейін ерлік саналып келді», - деді Е. Жүнісов.