Қазақстанда гендерлік теңдіктің жаңа бағдарламасы әзірленеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда гендерлік теңдіктің жаңа бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алды ала қорытындыларына арналған халықаралық конференция барысында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Біздерге гендерлік саясат бойынша жаңа бағдарламалық құжат әзірлеу қажет. Бұл құжатта гендерлік, отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру мақсаттары, міндеттері, тетіктері мен күтілетін нәтижелері нақты айқындалуы тиіс. Онда отбасылық-демографиялық саясат бойынша жеке бөлім болуы тиістігін айрықша атап өтім келеді. Бүгінде Қазақстан одан ары дамудың жаңа жолына түсті. Біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыруға кірістік. Сондықтан, меніңше, жаңа құжат, жаңа әдістер республикада бүгінде жүргізіліп жатқан реформалармен үндес болуы қажет», - деді ол.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы аталған стратегия аяқталады. 2006 жылдан бері қолданыста болған құжаттың арқасында Қазақстан елеулі нәтижелерге де қол жеткізді. Мәселен, бүгінде Парламент Мәжілісіндегі әйелдер үлесі 27,1 пайызға жетіп отыр. Ал бұл көрсеткіш 2006 жылы 10,4 пайыз болған еді. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер өкілдігінің деңгейі 2006 жылғы 16,7 пайыздан бүгінде 22,2 пайызға жетті. Бірқатар өңірлерде, атап айтқанда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында және Алматыда жергілікті өкілетті органдарда әйелдер өкілдігі 30 пайызға жетіп қалды. Бұл көрсетте ең жоғарғы көрсеткіш Қостанай облысында 31,6 пайыз екендігін атап өткен орынды.
Ел экономикасының дамуына әйелдердің қатысу үлесі де артып келеді. Мәселен, 2006 жылдан бастап, бизнестегі әйелдер үлесі 38-ден 50 пайызға өскен. Жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер де жақсара түсуде. Ана өлімі 3,7 есеге, бала шетінеуі 1,5 есеге азайды.