Қазақстанда Геологиялық барлау жұмыстарының жария есептілігінің қазақстандық қауымдастығы құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Геологиялық барлау жұмыстарының, минералдық ресурстар мен минералдық қорлардың нәтижелері туралы жария есептіліктің қазақстандық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі (KAZRC қауымдастығы) құрылды. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев мәлім етті.

Қазақстанда Геологиялық барлау жұмыстарының жария есептілігінің қазақстандық қауымдастығы құрылды

Оның атап өткеніндей, «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» 5 институционалдық реформаны  іске асыру барысында 74-қадамды орындау - пайдалы қазбалар қорлары бойынша есептіліктің халықаралық жүйесіне көшу жөнінде жұмыс жүргізілуде.

«Минералды ресурстар және минералды қазбалар бөлігінде, қазіргі уақытта, Қазақстанда «Committee for Mineral Reserves International Reporting Standarts» CRIRSCO халықаралық комитетінің талаптарына сәйкес құжаттар дайындалуда. Оның ішінде: геологиялық барлау жұмыстарының,  минералдық ресурстар мен минералдық қорлардың нәтижелері туралы жария есептіліктің кодексі (KAZRC кодексі),  Қазақстанның есептілік стандарттарын CRIRSCO жүйесі бойынша халықаралық стандарттарға үйлестіру жөніндегі басшылық, «Сарапшының кәсіби этикасы» кодексі, «Тәуелсіз сарапшылар мен сарапшылар топтарын тарту, жер қойнауына тәуелсіз сараптама жүргізу әрі олардың қызметтеріне ақы төлеу тәртібі», «Геологиялық барлау жұмыстарының, минералдық ресурстар мен минералдық қорлардың нәтижелері туралы жария есептіліктің қазақстандық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жарғысы (KAZRC жарғысы) бар», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Б.Нұрабаевтың айтуына қарағанда, қазақстандық стандарттарды CRIRSCO ұйымының стандарттарымен сәйкес ету мақсатында шетелдік және отандық сарапшыларды тарту және тәуелсіз сараптама қызметін жүргізу көзделуде.

Айта кетейік, 2015 жылғы қаңтарда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгерістер күшіне енген болатын. Қабылданған түзетулер жер қойнауын пайдаланушылар жұмысындағы кедергілерді алып тастауға,  салалық құқықтық базаны жетілдіруге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және салаға тікелей шетелдік инвестициялар тартуға бағытталған.