Қазақстанда Голливуд фильмдері түсірілетін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласының орталығында орналасқан Голливуд ауданы әлемге америка киноөндірісімен танымал. Себебі бұл жерде жүздеген үлкенді-кішілі киностудиялар бар. Ал тұрғындарын көптеген танымал киноактерлер құрайды. Бірақ Голливуд фильмдері сан алуан сюжетке қарай түрлі елдерде түсірілетіні құпия емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның кең даласы да сондай фильмдер түсірілімінің алаңына айналуы мүмкін. Бұған өткен аптада ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жетекші Голливуд кинокомпанияларының продюсерлерімен ортақ жобалар бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылауы себеп болды.

Қазақстанда Голливуд фильмдері түсірілетін болады

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрімен кездесуге әлемдік кинокомпания тарапынан танымал продюсерлер келді. Олардың ішінде  The Walt Disney Company-дан М. Хью, NBC Universal өкілі Л. Ульман, сондай-ақ, Г. Ли, В. Мендоза, М. Валбрехт, Д. Рой бар. Ал Қазақстан тарапынан Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Қазыханов және Кинематографиялық өнер мен ғылым академиясының президенті Айман Мұсақожаева қатысты. Әлемнің озық кинокомпанияларымен еліміздің мәдениет саласындағы уәкілетті орган басшылығының кездесуі егеменді ел тарихында алғашқы рет өтіп жатқандығына ерекше атап өтсе болады.  

«Бүгінгі таңда кино дегеніміз - тек өнердің бір түрі ғана емес, сонымен қатар, экономика саласының анықтауышы. Мәселен, «Аватар» фильмі жарыққа шыққанда, түсірілім алаңына айналған Жаңа Зеландияға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келе бастағаны белгілі. Тіпті кейбір мемлекеттер киноөндіру саласында қызмет көрсетуді табыс көзіне айналдырған. Олардың қатарында Венгрия, Болгария, Канада сынды мемлекеттер бар, - деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сонымен бірге, кездесу барысында алдағы уақытта Қазақстандағы киноиндустрия дамуының барлық қыр-сырларын қамтитын «Кино туралы заң» қабылданатыны белгілі болды.

Сондай-ақ, министр Мұхамедиұлының айтуынша, бүгінгі таңда негізгі мақсат - Қазақстан киноиндустриясының әлемдік кеңістіктегі орны жоғары болуын қамтамасыз ету.

«Біз америкалық көрермендерге «Анаға апарар жол» фильмін ұсындық. Оны бұл жерде үлкен қызығушылықпен қабылдады. Қазақстан киноөнері халықаралық кинофестивальдерде лайықты таныстырылып, жоғарғы марапатқа ие болғандығын қалаймыз» - деп қорытындылады ведомство басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, биыл кинематография саласындағы «Тұлпар» ұлттық киножүлдесінің салтанатты шарасында «Оскар» сыйлығына Қазақстан атынан бас продюсері Әлия Назарбаева мен режиссері Ақан Сатаевтың бірлесіп түсірген «Анаға апарар жол» картинасы ұсынылатыны белгілі болды. Аталмыш туынды 14 отандық және 4 шетелдік  фильмнің арасынан жеңімпаз атанды. Дауыс беру жабық түрде өтті. Фильмде басты рөлдерді Әділ Ахмет, Алтынай Нөкербек пен Аружан Жазылбекова сомдайды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігі әлемнің жетекші кинокомпанияларымен киноөндіріс саласында ынтымақтастық туралы келіссөздер өткізген болатын.  Лос-Анжелеске іссапар және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын таныстыру аясында Министрлік Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігімен бірлесе  «Spirit of Great Steppe» шарасын өткізді. Бірнеше қазақстандық фильмдердің көрсетілімі, сондай-ақ ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева, Димаш Құдайберген және тағы басқа өнер жұлдыздарымен концерт берілді.