Қазақстанда ғылым саласының «Атқа мініп, көкпар тартатын уақыты жетті» - Оразалы Сәбден

АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстан ғылым саласы бойынша ТМД елдері ішінде көш басында келеді, еліміздің ғылыми әлеуеті басқа елдерге қарағанда кем емес, нанотехнологиялардан жаңалықтарымыз бар.

Қазақстанда ғылым саласының «Атқа мініп, көкпар тартатын уақыты жетті» - Оразалы Сәбден

Бүгін Алматыда ҚР ҰҒА академигі Аманжол  Қошановтың 75 жылдығына арналған «Ақпараттық-инновациялық парадигмасының қалыптасуы жағдайында Қазақстанның қоғамдық ғылымдары» атты халықаралық ғылыми конференция барысында академик Оразалы Сәбден осылай айтты, деп  хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Бір-екі жылдан кейін Ұлттық  Ғылым академиясына 20 жыл толады. Бүгінгі күні ғылым өз деңгейінің түбегейлі өзгеруін,  ресурстық базалардың бекемделуін  қажет етеді. Әлемдік рынокта көп елдер ғылым және білім әлеуетін өте көп қолданады, сонымен қатар жоғары деңгейлі  жұмыс күшін пайдаланатындықтан  бәсекеге қабілетті елдер қатарында көшбасшы саналады.   Дамыған елдердің қатарына ену үшін, жоғары бәсекеге қабілетті бола білудің негізі - инновацияларды барлық салаларда қолдану, инвестицияларды білім, ғылым және денсаулық салаларына салу керек екенін түсіну керек. XXI-ші ғасырда инновациялық бағытсыз 50 дамыған елдердің қатарына кіре алмаймыз. Ғылым саласына Америка мен Қытай елінде ауқымды қаражаттар бөлінеді. Ал біздің елде бұл салаға қаржы аз беріледі. Ғылым саласының «Атқа мініп, көкпар тартатын уақыты жетті», деді ҚР ҰҒА-ның академигі, Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден.