Қазақстанда ғылымды басқарудың жаңа моделінде басты тұлға ғалымның өзі болады - Б. Жұмағұлов
Бұл туралы бүгін Алматыда С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де өткен конференцияда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
Оның айтуынша, кеше Астанада өткен жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның мәжілісінде заңның іске асырудағы барлық тетіктері талқыланған. "Ғылым дамуының басты басымдықтары айқындалды. Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы да бекітілді. Қазақстанда ғылымды басқарудың жаңа моделі шындыққа айналуда, ал оның бас тұлғасы - ғалымдардың өздері болмақ. Қаражаттарды жұмсау құқығы ғалымдардың өздеріне берілетін болады. Екінші жаңашылдық - енді Ғылыми кеңестің өзі зерттеулердің басымдылықтары мен оның дамуын анықтайтын болады", - деп атап өтті Бақытжан Жұмағұлов.
Конференция барысында «зерттеуші университеттер» санатын енгізудің маңыздылығы атап өтілді. «Ол ЖОО-лар еліміздегі білім және ғылым үдерісінің көшбасшылары болулары тиіс. Олар арнайы үкіметтің бекітілген, мақсатты бағдарламаларымен дамитын болады. Осы оқу орындарының қаржыландыруы мемлекет бюджетінен қарастырылды», - деді министр.
Оның айтуынша, алдағы уақытта ЖОО-да инновациялық қызмет күшейтілетін болады.
Конференция жұмысына Ұлттық ҚР Ұлттық университеттерінің ректорлары, республикалық ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, ҚР Ғылым академиясының академиктері, жалпы саны 1700-ден аса адам қатысты.
Бүгін конференция аясында ҚР ҰҒА академигі Алтынбек Рақышевті 80 жылдық мерейтойымен құттықтау шарасы өтті.