Қазақстанда ғылымды қаржыландыру 2015 жылы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын құрайды
АЛМАТЫ. 27 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан ағымдағы жылы ғылымды қаржыландыруға 29 миллиард теңге жұмсамақ.
Бұл бүгін Алматыда Халықаралық инженерлік академия президенттер кеңесінің Қазақстанның ғылыми инженерлік қоғамдастығы өкілдерімен болған кездесуі кезінде айтылды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбековтың айтуынша, ақпан айында қабылданған "Ғылым туралы" жаңа заң бойынша Қазақстан ғылымды басқарудың әкімшілік ресурстарын ғылым саласынан бөлді. Бұрын уәкілетті органдар бұрын өздері байқау жариялап, оны қаржыландырып келген еді. Енді бұл шешімді ғалымдардың өздері қабылдайды. Осы мақсатта Ұлттық ғылыми кеңес құрылды. Оған қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдар мен бизнес қоғамдастықтарының және мемлекеттік қызмет өкілдері еніп отыр. Сондай-ақ аталмыш ғылыми жобаларды қаржыландыруға бола ма, болмай ма деген мәселе тәуелсіз сараптамадан кейін ғана анықталады.
"Бұрын ғылымды "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң бойынша қаржыландырып келдік. Онда кім төмен баға ұсынса, сол тендерде жеңімпаз болатын. Енді ғылымды қаржыландырудың үш үлгісін енгіздік. Олар - базалық, гранттық және бағдарламалық мақсатты қаржыландыру. Былтыр ғылымды қаржыландыруға 10 миллиард теңге бөлінсе, биыл ол 29 миллиардқа дейін жетіп отыр. 2012 жылы ол 45 миллиард теңгені құрайды. Ал 2015 жылы оны жалпы ішкі өнімнің 1 пайзына дейін жеткіземіз. Бұл 300 миллиард теңге", - дейді Комитет төрағасы.