Қазақстанда ғылымды қаржыландырудың 5 басым бағыты бар - Ғылым комитетінің төрағасы
АЛМАТЫ. 27 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан қазір ТМД аймағында ғылымды қаржыландыру мәселесін шешкен жалғыз ел болып отыр.
Бұл туралы бүгін Алматыда Халықаралық инженерлік академия президенттер кеңесінің Қазақстанның ғылыми инженерлік қоғамдастығы өкілдерімен болған кездесуі кезінде айтылды.
"Қазақстанда ғылымды қаржыландыруда қазір ең негізгі мәселе - кім және қандай бағытта зерттеу жүргізетіні болып отыр. Әрбір елде ғылымды дамытудың өзіндік басымдықтары бар. Қазақстанда бүгінгі таңда зерттеуде 5 басымдық қабылданды. Олар - энергетика, шикізатты тереңдете өңдеу, телекоммуникациялық технология, өмір туралы ғылым және елдің интеллектуалдық әлеуеті", - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков. Оның айтуынша, Қазақстан ғалымдары кез-келген елдегі өз әріптестерімен бірлесіп түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Сол себепті гранттық негіздегі жобаларға Халықаралық инженерлік академияға мүше болып табылатын 25 елдің ұлттық инженерлік академиялары да белсенді қатыса алады.