Қазақстанда ғылыми жобалар қалай іріктеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыру конкурсы аяқталды. Бүгін ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов биылғы іріктеудің қалай өткенін айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комитет басшысының айтуынша, жобаларды іріктеу жұмысымен ұлттық ғылыми кеңестер айналысады. Кеңестердің құрамына министрліктің өкілдері кірмейді. Негізгі мүшелері - ғалымдар мен кәсіпкерлер. "Бүгін біз ұлттық ғылыми кеңестердің соңғы қорытындысын бекіттік. Барлық ақпаратты Ғылым комитетінің ресми сайтынан табуға болады. Сондай-ақ, мемлекеттік ғылыми-теxникалық сараптама орталығының сайтында біз жобаларды талқылау кезіндегі отырыстардың видеосын да жүктеп қойдық. Оны да ашып, кеңестердің жұмысын көруге болады. Айта кетер жәйт, ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері құпия түрде дауыс берді. Соның арқасында тәуелсіз шешімдер қабылданды деп ойлаймыз. Конкурс қорыдындысымен келіспейтіндер болса, кеңес төрағаларына тікелей шығып, шағым түсіре алады. Бәрі ашық, телефондары көрсетілген. Оған қоса, Ұлттық ғылым академиясы жанынан ғылыми этика бойынша арнайы кеңес құрылды. Ол да өз төрешілігін жасайды", - деді Б.Әбдірәсілов.
Ресми мәліметке сәйкес, 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыруға арналған конкурс гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды көздейді. Гранттық қаржыландыру бойынша 4675 өтінім түскен болатын. Соның ішінен 1096-сы жоба іріктелді. Қаржыландырудың жалпы соммасы - 9,5 млрд теңге. Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 415 өтінім түскен еді. Соның 93-ін іріктелді. Бұның барлығы - ірі жобалар. Қаржыландырудың жалпы соммасы 7,9 млрд теңгені құрап отыр. Енді, аталған жобалар Үкімет жанындағы Жоғарғы ғылыми-теxникалық комиссияның қарауынан өтуі тиіс.
Айта кетейік, конкурс екі кезеңнен тұрады. Алдымен мемлекеттік ғылыми-теxникалық сараптама жасалады. Соңында ұлттық ғылыми кеңестердің талқылаунынан өтеді. Бүгінде 7 бағыт арнайы ұлттық ғылыми кеңес бар. Атап айтқанда, Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, оның ішінде су ресурстары, геология, қайта өңдеу, жаңа материалдар және технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар жөніндегі комиссия, Энергетика және машина жасау жөніндегі комиссия, Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, ғылыми зерттеулер жөніндегі комиссия, Өмір мен денсаулық туралы ғылым комиссиясы, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері жөніндегі комиссия, Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі комиссия, сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комиссия.