Қазақстанда хакерлік шабуылға қауқарсыз 170 ірі сайт анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 170 ірі сайт хакерлер алдында қауһарсыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Қазақстанда хакерлік шабуылға қауқарсыз 170 ірі сайт анықталды

Елімізде бұл қылмыс түрі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2012 жылы 800 кибершабуыл тіркелсе, былтыр 25 мыңға жеткен. Бұрын хакерлердің мақсаты ақша жымқыру болса, қазір олардың дені азаматтардың жеке деректері мен мемлекеттік органдардың мәліметтерін ұрлауды көздейді екен. Мәселен өткен жылы 150 мемлекеттің 100 мыңнан астам кәсіпорны Wanna Cry атты вирустың құрығына түскен. Бұл виртуалды індет еліміздің 4 мемлекеттік мекемесін де әбігерге салған болатын.

Атап өтілгендей, қазақстандық 170 ірі сайт хакерлер алдында қауһарсыз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары интернет-ресурстарда 2500-ден астам осал тұстарды анықтаған. Бірақ олардың нақты қандай екендігі нақтыланбауда. Көп жағдайда сауда-саттықпен айналысатын сайттар бұзылып, олар жалған парақшалармен алмастырылады.

ҰҚК мамандары интернетте жеке мәліметтерді жөні-жоқ орналастырмауға және күмәнді спам-хабарламаларды ашпауға кеңес береді.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда киберқылмыстарға төтеп беру үшін «Киберқалқан» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

«Пошта арқылы спам-хабарламалар келіп жатады. Оларды ашу арқылы немесе таныс емес интернет-ресурстарға кіру арқылы компьютеріңізге көп вирустар кіруі мүмкін. Ол вирустар компьютеріңізде бір күн емес, бір ай емес, жылдап қалуы мүмкін», - дейді ҚР ҰҚК «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК директоры Ержан Біржанов.