Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына 6,5 трлн теңге бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына 6,5 трлн теңге бөлінеді
Фото: Үкімет

Премьер-министр шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылдың, соның ішінде Мемлекет басшысы еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудағы маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына 6,5 трлн теңге бөлінеді
Фото: Үкімет

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда өзінің Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңартудың стратегиялық бағытын айқындады. Осы орайда республиканың барлық өңірін қамтитын «Халықтық құрылыс» бағдарламасына айрықша мән беріліп отыр. Алдағы 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялануының символдық мәні зор. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызы мен ауқымы жекелеген нысандардың құрылысымен шектеліп қалмайды. Шын мәнінде, Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты экономикалық дамуы үшін жаңа негіз қалануда. Бұл ретте осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру халықаралық әріптестер үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиында Қазақстанның озық инженерлік шешімдерге, құрылыстың заманауи стандарттарына және тиімді басқару тәжірибелеріне, сондай-ақ экспорттық әлеуеті мол құрылыс материалдары, жабдықтар мен жинақтауыштардың бірлескен өндірісіне мүдделі екені атап өтілді.

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына 6,5 трлн теңге бөлінеді
Фото: Үкімет

Үкімет Президент тапсырмаларын орындау аясында инвестиция тарту және сүйемелдеу жүйесін жаңартуда. Бұл ретте «Бәйтерек» ҰИХ негізінде инвесторлармен жұмысты бірыңғай үйлестіру, сондай-ақ Kazakh Invest ұлттық компаниясын холдинг құрамына беру және бірыңғай фронт-офис құру көзделген. Бұл инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеуге және инвесторлардың қаржыландыру құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар

Сыртқы істер министрлігі шетелдік компанияларды тарту бағытындағы белсенді жұмысын жалғастырады. Инвестицияларды құқықтық қорғау мәселесіне, оның ішінде Мемлекет басшысының халықаралық озық тәжірибені қолдана отырып, Алатау қаласында инвестициялық сот құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды.

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына 6,5 трлн теңге бөлінеді
Фото: Үкімет

Еске сала кетейік, Президент «Халықтық құрылыс» бойынша комиссияның құрамын бекіткен болатын. Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың әр кезеңде қалай жұмсалатынын мемлекеттік комиссия бақылайтын болады. Комиссия құрамына мемлекеттік орган басшыларымен қатар журналистер, депутаттар, сарапшылар мен қоғам өкілдері де енді.