Қазақстанда халық саны 17 млн. 439,3 мың адамға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы 1 ақпанда еліміздегі халық саны 17 439,3 мың адамды құрады. Соның ішінде қалалықтар - 9 646,3 мың (55,3 пайыз), ауылдықтар - 7 793,0 мың адамды (44,7 пайызды) құрады. Осылайша, 2014 жылғы 1 ақпанмен салыстырғанда халық саны 252,3 мың адамға немесе 1,5 пайызға өсіп отыр.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланғанындай, 2015 жылы қаңтарда туылғандар саны 33,4 мың адамды құрап, 2014 жылғы қаңтарға қарағанда 0,9 пайызға кеміген. Бұнда жалпы коэффициент 1000 адамға 22,44 тууды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 11,7 мың адамды құрап, 2014 жылғы қаңтарға қарағанда 0,5 мың адамға немесе 4,1 пайызға азайған. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,89 қайтыс болғандарды құрады.
«2015 жылғы қаңтарда республика халқының табиғи өсімі былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 мың адамға немесе 1 пайызға артып, 21,7 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,55 адамды құрады», - делінген баспасөз баянында.
Сонымен қатар, көші-қон полициясы органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2015 жылғы қаңтарда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны (көшіп-қонушылар) 2014 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2,5 пайызға өсіп, 1 730 адамды құраған. Елімізден кеткендердің тіркелу саны 12,2 пайызға көбейіп, 1 589 адамға жетті, бұл ретте, көші-қонның айырымы 141 адам болған.
«Есепті кезеңде ел ішінде көшіп-қонушылар саны 13 804 адамға немесе 49,3 пайызға көбейіп, 41 796 адамды құрады. Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 40,4 пайызы тиесілі. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Алматы (2 690 адам), Астана (473 адам) қалаларында және Ақмола (124 адам), Маңғыстау (78 адам), Ақтөбе (11 адам) облыстарында қалыптасты», - делінген баспасөз баянында.