Қазақстанда халық саны бір жылда 239,2 мың адамға артты - ҰЭМ

2017 жылғы қаңтар-мамырдағы Қазақстан Республикасының демографиялық ахуалы туралы мәліметтер жария етілді. Мәліметтерге сәйкес, 1 маусымда еліміздегі халық саны 18 014,2 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар - 10 358,0 мың (57,5%), ауылдықтар - 7 656,2 мың адамды (42,5%).
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-мамырда туғандар саны 155,4 мың адам, бұл 2016 жылғы аталған кезеңге қарағанда 6,2% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 20,83 сәбиден келеді.
2017 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 9,9 мың адамға немесе 9,1% аз. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 13,37 адамды құрады.
2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 16,8% азайды.
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-мамырда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 36,3% көбейіп, 7 204 адамды құрады. Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 4,0% көбейіп, 10 975 адамды құрады, көші-қонның айырымы -3 771 адам болды.
Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда.
- ТМД елдерінен келгендердің үлесі 68,9%;
- ТМД елдерге кеткендердің үлесі 87,7% құрады.
Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 34,0% кұрады. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы:
- Астана қаласы - 20 647 адам;
- Алматы қаласы - 9 698 адам;
- Ақмола облысы - 1459 адам.