Қазақстанда халықаралық әскери ойындар аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Отар» 40-шы әскери базасында ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың басшылық етуімен халықаралық әскери ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанда халықаралық әскери ойындар аяқталды

«2017 жылғы халықаралық әскери ойындар аяқталуға жақын қалды. Сөзсіз, бұл ойын әлемнің әртүрлі елдері әскерлерінің тарихына айрықша үлес қосты. Ойындардың арқасында әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық қалыптасып қана қоймай, әскери қызметшілер мен әскерлер арасында шынайы достық пайда болады. Сайысқа қатысушылардың барлығының да дайындықтары мықты. Жиында әрбір әскери қызметші өзінің кәсіби машығы мен әскери шеберлігін көрсете алды. Сіздерді, яғни, осы сайыстың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын құттықтаймын», - деп ойындардың жабылу рәсімінде генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.

Халықаралық әскери ойындар - халықаралық деңгейде жоғары мәртебеге ие болған іргелі шаралардың бірі. АрХО-2017 шеңберінде биылғы жылдың тамыздың 1-9 аралығында Қазақстан Республикасының аумағында «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Мерген шебі» және сайыстың жаңа түрі «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысы» атты ірі жарыстар өтті.

null 

«Отар» 40-шы әскери базасының қазақстандық полигонында байқауларды өткізу үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен шарттар қарастырылған.

Ал «Мәтібұлақ» полигонының аумағы «ҰҰА есептоптарының сайысы» байқауын өткізу үшін жабдықталды. Сайысқа қатысу үшін Қазақстанға әлемнің 18 елінен 400-ге жуық әскери қызметші келді. «Мерген шебі» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы бірінші орынды, Ресей командасы екінші орынды және Беларусь командасы үшінші орынды иеленді.

Кіші сержант Нұрсұлтан Бақтыораз байқаудың үздік мергені атанса, кіші сержант Мақсат Шыналиев пен қазақстандық аға сержант Ерғанат Құдабеков үздік мерген жұбы атанды. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы бірінші орынды еншілесе, Беларусь Республикасы екінші орынды және Ресей Федерациясы үшінші орынды жеңіп алды.

Ресейлік сержант Рустам Чиктаев үздік механик-жүргізуші атанса, Беларусьтан келген ефрейтор Иван Швая үздік көздеуші, Әзірбайжаннан келген кіші сержант Эльшат Оруджов үздік есептоп командирі атанды. Қазақстандық сержант Мейірхан Әбілдаевтің жетекшілігімен минаатқыш есептобы үздік болып танылды. «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысы» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан бірінші, Ресей екінші және Иран үшінші орынға жайғасты.

Ирандық майор Джафариан Хамид ҰҰА үздік технигі, ал Ресейдің аға лейтенанты Владимир Заинчковский ҰҰА үздік операторы атанды. Кернейдің әуезді үнімен жүргізушілер командаларды сахнаға шақырып, жеңімпаздарға құрмет көрсетті. Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Рәсім соңында ойын қатысушыларының назарына мерекелік концерт ұсынылды.

null