Қазақстанда халықаралық келісімшарттар дайындау жоспарлы түрде жүзеге асатын болады - СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда халықаралық келісімшарттар дайындау бекітілген жоспар аясында жүзеге асатын болады. Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттарымен кездесуі барысында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлімдеді.

Қазақстанда халықаралық келісімшарттар дайындау жоспарлы түрде жүзеге асатын болады - СІМ

Сыртқы саясат ведомствосы басшысының айтуынша, министрлік жұмысының маңызды бағыты - мемлекеттің халықаралық келісімшарттарға қол қою мен оны атқару.

«Біз осы жұмысты перспективалық жоспар аясында атқаратын боламыз. Осыған орай, сыртқы саясат ведомствосы ағымдағы жылға және 2016-2018 жылдарға арналған халықаралық келісімшарттарды дайындау жоспарын бекітті. Бұл - біздің елімізде бұрын жүзеге аспаған жаңа бастама. Парламент депутаттарының қолдауының арқасында біз халықаралық келісімшарттарды дайындау мен қол қоюды жоспарлы түрде жүзеге асыратын боламыз», - деді СІМ Ерлан Ыдырысов.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай тәжірибе көп елдерде қолданылмаған, сирек кездесетін үдеріс. Осыған орай, министр мұндай тәжірибеде кейбір кемшіліктер орын алып отыратынын да жоққа шығармайды.

Дегенмен, ведомствоаралық комиссия отырысында болуы ықтимал олқылықтар қаралып, алдағы жұмыстарға түзетулер енгізіліп отырады.

«Мұның бәрі Елбасының Жарлығы аясында бекітілген. Жалпы, біз бұл бағытта Президенттің келісімімен жұмыс істейміз, яғни 2015 жылға және 2016-2018 жылдарға арналған жоспарды Мемлекет басшысы қолдады», - деді СІМ.