Қазақстанда халықаралық кеңістікте қолданылатын қазақ әліпбиі әзірленеді
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Астанада «Халықаралық кеңістіктегі қазақ графикасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Тілеп Қобыз» сарайында басталған шара Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің 100 жылдығына орай және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ономастика саласына қатысты мәселелерді жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды. Конференция барысында тілші ғалымдар мен сала мамандарының пікірлерін негізге ала отырып, халықаралық кеңістікте қолданылатын қазақ әліпбиін дайындау көзделуде. Кейін, ұсынылған әліпби нұсқалары мамандар талқысына салынатын болады.
«Бүгінгі жаһандық үдерістерден Қазақстан да шет қалмай, солардың бел ортасында жүруі тиіс. Бұл орайда, тіл мен жазу мәселесі аса маңызды орынды иеленеді. Сондықтан, қазақ тілінің өзіндік болмысын сақтай отырып, халықаралық кеңістікте қамтамасыз етуге икемді қазақ графикасын дайындау, оны бүкіл қоғам талқысына сала отырып, бекіту - еліміз үшін маңызды мәселе», - дейді Тіл комитеті төрағасының орынбасары, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы.
Ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының мүшелері, белгілі ғалымдармен қатар облыстық тілдерді дамыту басқармаларының бастықтары, жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатысуда. Іс-шарада аталған тақырыпқа байланысты өзекті баяндамалар тыңдалып, ономастика, қазақ графикасы саласындағы мамандардың пікірлері мен ұсыныстары назарға алынады. Конференция қорытындысы бойынша арнайы жинақ шығару жоспарланған.