Қазақстанда халықаралық нормалардың қолданылуы тақырыбында семинар өтуде
А. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордада «Қазақстандық әділ сот жүйесіндегі халықаралық нормалардың қолдану аясында тәжірибе алмасу» тақырыбында семинар өтуде. Басқосу Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы, «Сорос-Қазақстан» қоры және «Солтүстік Қазақстандағы құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының бастамашылығымен ұйымдастырылуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семинардың басты мақсаты қалың жұртшылық арасында азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары жөнінде ақпараттандыру, сондай-ақ қазақстандықтардың өз құқығы үшін халықаралық инстанцияларға шағымдана алатын мүмкіндіктері туралы кеңінен насихаттау болып табылады. Бұл ретте ұйымдастырушылар ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарына арқа сүйеп, солар арқылы халықтың құқықтық сауатын жетілдіре түсу қажеттігіне назар аударып отыр. «Ағымдағы жылдың басында Мемлекет басшысы «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойған болатын. Осы заң бойынша ағымдағы жылғы қазанның 7-нен бастап қазақстандықтар БҰҰ Адам құқы жөніндегі комитетіне жеке шағымдарын қарау бойынша өтініш жасай алады. Бұдан басқа, азаматтар БҰҰ Комитетіне зорлыққа қарсы өз құқықтарын қалпына келтіру, әйелдерге, ұлтына қатысты кемсітушіліктерді жою жөнінде де өз өтініштерін жолдап, құқықтарын қалпына келтіре алады. Дегенмен де, бұндай халықаралық норманың қажеттілігін жүзеге асыруда үлкен проблемалар кездеседі. Оның негізгісі, қазақстандықтар бұндай халықаралық инстанцияға жүгінуге болатындығынан хабарсыз. Ал ол жайлы дерегі барлардың өзі шағымдануды қалай жүзеге асыруды, оның тетігі мен үдерісі жөнінде толық біле бермейді», дейді ұйымдастырушылар.
Осыған орай, семинар барысында журналистер, медиа-заңгерлер, сот билігі орындарының назарын осы проблемаға аударып, қоғам игілігі үшін бірлесе шаралар атқару мәселелерін талқыламақ.