Қазақстанда Халықаралық отбасы күні аталып өтуде

Осы күндері Астанада дәстүрлі түрде жанұяда өзара сыйластық, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге, отбасылық дәстүрлерді жалғастыруға бағытталған түрлі шаралар өткізілуде.
Осылайша бүгін Астанадағы М. Горький атындағы орыс драма театрында өткен концерт барысында елорданың елеулі жанұялары құттықталды. Онда «Нұр Отан» партиясының және әкімдік өкілдері ең белсенді әрі үлгілі отбасыларға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыстады. Олардың қатарында 50 жыл бұрын отау құрған жұптар да болды.
Елордалық мектептерде отбасы туралы ең үздік әңгімелерге байқау жарияланды. Отбасылық спорттық жарыстар мен «Менің әкем ең жақсы» атты конкурстар ұйымдастырылды. Ал 12 мамырда №59 мектепте әкелер слеті өткізілді. Оған бас қаламыздың 700-ден астам әкелері қатысқан болатын.
М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Отбасы-жасөспірім-қоғам» атты фотокөрме, «Отбасы жасөспірім көзімен» деп аталатын семинар болып өтті.
Бір ай бойы журналистер арасында отбасы тақырыбында жазылған ең үздік мақала байқауы да елеулі оқиға болды.
Мүгедек балалар қоғамы қамкөңіл жеткіншектерге арнап «Тартымды әлем» атты фестиваль өткізді. Онда мүмкіндігі шектеулі балалар өздерінің шексіз шығармашылықтары мен мүмкіндіктерін көрсетті.
Елорданың елеулі жанұяларын құттықтауға арналған гала-концерт Астана әкімдігінің Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырып отырған қорытынды шарасы болатын.