Қазақстанда халықты қор нарығына тарту жөнінде кең ауқымды акция басталды

АЛМАТЫ.  Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қыркүйектің 1-нен бастап халықты қор нарығына тарту жөнінде кең ауқымды шара басталды.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында шараны ұйымдастырушы Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, шара Қазақстан халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007-2011 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.Акцияның мақсаты - жеке инвесторлар арасында бағалы қағаздар нарығын (БҚН) таныту және олардың БҚН-ға қатысуын белсенді ету, сонымен қатар қазақстандық қор нарығына инвестиция салу мүмкіндігі туралы құлағдар ету. 

«Бүгінде Қазақстан экономикасында бағалы қағаздар нарығы маңызды бағыттардың біріне айналуда.  Атап айтқанда, мемлекет жеке инвестициялау саласына ерекше көңіл қояды.  Осылайша, осы бағыттағы басты міндет - қор нарығында жеке инвесторлар санатын қалыптастыру. Осы акцияның көмегімен біз бағалы қағаздар нарығына инвестиция салу мүмкіндіктері туралы барынша толық ақпаратты халыққа жеткізіп, басымдылықтарын көрсетіп,  БҚН-на белсенді қатысуға шақыру мақсатын жүзеге асыруды көздеп отырмыз» - деді АӨҚО ҚРА төрағасының орынбасары Дархан Нұрпейісов. 

Акция шеңберінде жоспарланған іс-шараларды жариялау мақсатында барлық БАҚ өкілдері атсалыспақ: телевизия, радио, баспасөз және интернет басылымдары, сыртқы жарнама, сондай-ақ білім беру семинарлары өткізіледі. Алматы қаласында орналасқан Ақпараттық-оқыту орталықтарында әр сенбі сайын «Жеке инвесторлар күні» өз жұмысын бастайды. Онда кез-келген азамат брокерден ақыл-кеңестер алуына, келісімшарттар жасауына болады. Осы аралықта сонымен қатар «Жеке инвесторлар клубы» қызмет көрсетеді. Бұл - жаңа жоба, оның міндеті  инвестициялық қызметті таныту және дамыту болып табылады. Клуб инвестиция, перспективасы бар бизнес, отбасының сенімді болашағы сияқты экономикалық түсініктер қызықтыратын адамдардың басын біріктіреді.  сонымен қатар «Investfunds - Expo - 2009» атты қаржы құралдарының кең көлемді көрмесін өткізу жоспарлануда. Бұл жобаның басты мақсаты - халықты бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, қор нарығы қатысушыларымен таныстыру, қазақстандық компаниялар акцияларын сатып алу процедурасын тәжірибе жүзінде түсіндіру.

1 қыркүйек пен 30 қараша аралығында өтетін акция барысында бірқатар брокерлік компаниялар АӨҚО ҚРА-мен келісе отырып, жеке тұлғаларға қызмет көрсету үшін алынатын комиссия көлемін нөлге дейін азайтып, тегін қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, ЖОО мен қала мектептерінде лекциялар ұйымдастырылып, жеке инвестициялау мәселелері бойынша ақпараттық кітапшалар шығарылады.

Соңғы жаңалықтар