Қазақстанда халықтың табиғи өсімі 10% кеміп, қайтыс болғандар саны артты
1 сәуірге дейін еліміздегі халық саны 19 178,8 мың адамды құрады.
Оның ішінде қалалықтар – 11 419,8 мың (59,5%), ауылдықтар – 7 759 мың адам (40,5%).
2021 жылғы 1 сәуірмен салыстырғанда халық саны 238,3 мың адамға немесе 1,3% өсті.
Халықтың табиғи қозғалысы
2022 жылғы қаңтар-наурызда республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда (64,3 мың адам) 10,6% кеміп, 57,5 мың адамды құрады.
Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті - 1000 адамға шаққанда 12,13 адам.
2022 жылғы қаңтар-наурызда туғандар саны - 95,6 мың.
Бұл 2021 жылғы қаңтар-наурызға (100,5 мың адам) қарағанда 4,8% аз. Туудың жалпы коэффициенті - 1000 адамға 20,16.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 38,1 мың адамды құрады, бұл 2021 жылғы қаңтар-наурызға (36,1 мың адам) қарағанда 5,4% көп.
Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті - 1000 адамға 8,03 қайтыс болған адам.
2022 жылғы қаңтар-наурызда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 828 нәресте тіркелді.
2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (815 шетінеген нәресте) 1,6% артты. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғанға шаққанда 8,66 оқиғаны құрады.
Халықтың көші-қоны
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-наурызда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны - 4 108 адамды, елімізден кеткендердің саны - 5 281 адамды, көші-қонның айырымы – 1 173 адамды құрады.
ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі - 86% және 80,8%.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 12,6%-ға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде байқалды: Нұр-Сұлтан (7 523 адам), Алматы (8 278 адам) және Шымкент (866 адам) қалаларында.